top of page

ҚАЗАҚСТАН ҚСРО ҚҰРАМЫНДА (1918 - 1991 ЖЫЛДАР)

1918 жылы Ұлы жүздің жері Түркістан АКСР құрамында болды. 1920 жылдың тамызында Орта және Кіші жүз қазақтары қоныстанған аумақта Қырғыз автономдық Кеңестің Социалистік Республикасы аталған автономдық республика құрылып, оның астанасы Орынбор қаласы болды. 1924-1925 жылғы ұлттық-мемлекеттік межеленуден кейін бұл автономия Қазақ АКСР-і болып қайта аталып, астанасы Қызылордаға көщірілді.

Интервенттер мен ақ гвардияшыларды жеңгеннен кейін бейбіт шаруашылық құрылысын жүргізуге жағдайлар жасалды. 1921 жылы жаңа экономикалық саясатқа көшу басталып, ол өндірушілер табысын түпкі еңбек нәтижесіне байланыстыру негізінде ауыл шаруашылығын дамытуға септігін тигізді.

1925 жылдан бастап коммунистік басшылық ұлттық биліктің дәстүрлі құрылымын жою саясатын ұстанды. Соның салдарынан ауылшаруашылық өндірісінде құлдырау мен берекесіздік орын алды. 20-жылдардың соңы мен 30-жылдарда шаруалардың күштеп ұжымдастыруға қарсы толқулары байқалды да, оның соңы адамдардың аштықтан жаппай қырылуына соқтырды. Бұл оқиға тарихқа «Қазақстандық қасірет» деген атаумен енді. Коммунист емес Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды ұлт қайраткерлері тұтқындалып, кейбіреуі атылды. Коммунистерге де кезек келіп, кезінде партия көсемі Сталинмен бірге Ұлт мәселелері жөніндегі Халық комиссариатында қызметтес болған Смағұл Садуақасов пен Тұрар Рысқұловтар жауапқа тартылады. 30-жылдарда Қазақстанда жаппай саяси қуғын-сүргін ұйымдастырған тоталитарлық режим орнады.

30-жылдардағы ұжымдастыру және аштық

1929 жылдың қарашасында ауыл шаруашылығын ұжымдастыру басталды. Жер мен мал тәркіленіп, партия белсенділерінің басшылығымен шаруалар ұжымдық шаруашылықтарға (колхоздарға) біріктірілді. Нәтижесі адам айтқысыз алапатқа әкелді. Тарихшылардың бағалауы бойынша, 1929-1933 жылдарда 4 миллионға жуық адам қырылып қалды, халықтың қолындағы мал басының бестен төрт бөлігі пышаққа ілікті немесе жұттан өлді. Астық жинау екі есеге қысқарып, елді жаппай аштық жайлады. Бұл кезеңде  Қазақстан тұрғындарының көбі аштан өлді немесе Қытайға асып кетті.

Ұжымдастырумен қатар бай, кулактарды тап ретінде жою шаралары жүргізілді. Бай-кулактарды кәмпескелеу идеологиясы дәулетті шаруаларды жаппай қудалау акциясына ұласты. Бұл конституциялық нормаларға қарсы келетін әрекеттердің алғашқы жылында-ақ 33 345 адам нақақтан-нақақ сотталды. Үкімді «үштіктер» жүргізді.      Шаруашылықты ұйымдастырудың қалыптасқан құрылымы бұзылғаннан кейін мал шаруашылығы күйзеліске ұшырады.

1928 жылы республикада 40,5 млн. бас мал болса, 1933 жылдың 1 қаңтарында небары 4,5 млн. қалды.  Түйе өсіретін шаруашылықтар түбегейлі жойылып кетті деуге болады. Осының бәрі халықты 1930-1933 аштыққа душар еткізді. Бұл аштықта республика 2,1 млн. тұрғынынан айрылды. Заңның көзсіз бұрмалануы,  зорлық, басыну жергілікті тұрғындардың ашынуын туғызды. Наразылықтың кең тарағанын 1930-1938 жылдар ішінде болған 700-ге дейінгі шаруалар толқулары дәлелдейді.

1936 жылы Қазақ АКСР-і КСРО құрамындағы толық құқықты одақтық республика – Қазақ КСР-і болып қайта құрылды.

1939-1941 жылдары Қазақстан түсті металл өндірісі көмір, мұнай шығару бойынша ірі өндірістік базаға, дамыған ауылшаруашылық ауданына айналды.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан

Қазақстан Ұлы Отан соғысына тұтас елдің бір бөлігі ретінде қатысты. Қазақстандықтар өз еркімен кәсіби әскер мен республикамызда жасақталған бөлімшелерге жаппай жазылды. Қазақ жауынгерлері 3 атты әскер дивизиясын, ұлттық сападағы 2 атқыштар бригадасын құрады.

Мұның сыртында республика офицерлік кадрлар және армия мен флот үшін резервтер даярлауға елеулі үлес қосты. 42 мыңнан астам жас қазақстандық әскери оқу орындарына жіберілді. Республика экономикасы әскери талапқа сәйкестендірілді: бейбіт мақсаттарға жұмсалатын шығындар барынша кысқартылды; көптеген кәсіпорындар шұғыл түрде қорғаныс өнімдерін шығару үшін қайта жарақталды; оларды жұмыс істеу үшін еңбек күштері іріктелді; шикізатпен, станоктық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Одықтың батыс және орталық аудандарынан ірі кәсіпорындар Қазақстанға көшіріліп, республиканың өнеркәсібі әскери рельске қойылды. Өнеркәсіп нысандарымен бірге елімізге мәдениет ошақтары, оқу орындары қоныс аударды. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы қазақстандықтар соғыс жылдарында уақытпен санаспай, жанкештілікпен еңбек етті.

Екінші дүниежүзілік соғыста Қазақстан 425 мың адамын жоғалтты. Республика жүз мыңдаған эвакуацияланған адамды қабылдады. Күштеп көшірілгендердің саны екі миллионға жетті.

1942 жылдың 17 шілдесінде басталған Сталинград майданында Ақмолада жасақталған 29 атқыштар дивизиясының солдаттары мен офицерлері ұрысқа қатысып, ерен ерлік үлгілерін көрсетті. 387 полктің жауынгерлері әскери-стратегиялық маңызы бар Тормрсин қаласына бекінді.

Курск доғасындағы шайқасқа бірнеше қазақстандық жасақтар мен бөлімшелер қатысты. Асқан ерлік үлгісін көрсеткен жауынгерлердің қатарында 80-ге жуық фашистің көзін жойған мерген қыз Әлия Молдағұлованың, қазақтың батыр қызы Мәншүк Маметованың есімдерін атауға болады. Бір өзі жаудың 7 ұшағын,  ондаған танкі мен зеңбірегін отқа орандырған Т. Бигелдинов ерлігімен әлемді таң қалдырды.

Соғыстан кейінгі жылдар және тың эпопеясы

1946 жылдан бастап ел экономикасы бейбіт мақсаттарға жұмыс істей бастады. Әсіресе, құрылыс индустриясының кәсіпорындары қарқынды дамыды. Өнеркәсіптің энергетикалық базасы жасалды.

1946 жылдың маусымында Қазақ КСР-інің Ғылым Академиясы құрылды. 40-жылдардың соңы мен 50-жылдары әкімшілік-командалық жүйе нығая түсті. ГУЛАГ, Қарлаг, Степлаг, АЛЖИР және басқа лагерлер жүйесі кеңейтілді. Бірқатар ғалымдарға қатысты репрессия қолданылды.

1954 жылы СОКП ОК  Қазақстанның солтүстік аудандарында, Орал мен Сібірде, Солтүстік Кавказда тың және тыңайған жерлерді игеру арқылы егістік алқаптарды кеңейту жөнінде шешім қабылдады. Егін салуға табиғаты қатал, ылғалы аз, топырағы эрозияға бейім, жер өңдеуге тәуекелді аймаққа жатқанымен, тың игеру нәтижесінде Қазақстан Одақтағы ең ірі астықты аймаққа айналды. Тың игеруге барлығы 20 млрд. рубль қаржы жұмсалды. Қуаңшылық аймақтардағы тың жерді жырту агротехнологияның ең озық тәсілдерін қолданудың қажеттігін анықтап берді.

Жайлымдық жердің көлемі күрт қысқарып кеткендіктен, қоғамдық мал үшін жемшөп базасын нығайту үшін суармалы егістік алқаптарын кеңейту қолға алынды. Көп ізденістер мен ерен еңбектің арқасында кеміп кеткен мал санын 1960 жылға 37,4 млн басқа дейін өсіруге қол жеткізілді.

1960 жылдан 1986 жылға дейін республиканы 1971 жылдан  КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі Д. Қонаев басқарды. Сол жылдары елді индустрияландыру қарқынды жүргізілді, нәтижесінде Алматы мен Павлодарда, Қарағанды мен Екібастұзда, Өскеменде және басқа қалаларда ірі кәсіпорындар ашылды. Д. Қонаевтың бастамасымен республикаға миллиондаған күрделі қаржы құйылды.

Сонымен бірге экономикадағы дағдарыс та байқалды. Халықтың ақшалай табысының тауар массасынан артық болуы тауар тапшылығын туындатып, халықтың әлеуметтік наразылықтары одақтық сипат алды. Партия басшылығы Одақ экономикасында тоқырау мен саяси дағдарыстың басталғанын сезінді және КСРО-ның дамуындағы келеңсіздіктерді жою үшін түбегейлі қайта құрудың қажеттігін түсінді.

Қайта құру және 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасы

КСРО басшылығына келуімен әлеуметтік-экономикалық жүйенің реформасын жариялаған М. Горбачев өзінің алдындағы басшылар сияқты, билік басына келгенде, өзін іскер, демократ-реформатор бейнесінде көрсеткісі келгенімен, жалаң ұрандардан әрі аса алмады. Қоғамды реформалауға бағытталған әлеуметтік-экономикалық жүйе мен саяси акциялар тарихқа «қайта құру» атымен енді.

Мемлекетте жаңа саяси ахул орнады. 1986 жылдың желтоқсан айында Қонаевты орнынан алып, орнына республикамен ешбір байланысы жоқ орыс Г. Колбиннің (бұған дейін Ульяновск обком партиясының бірінші хатшысы болып жұмыс істеген) тағайындалуы Алматыда жастардың наразылық шеруіне шығуына түрткі болды. Көптеген қоғамдық қозғалыстардың пайда болуына, көппартиялық жүйеге өтудің алғышарттарын жасауға себепші болды.

1986 жылдың желтоқсан айында Алматыда өткен шеру тарихы маңызы бар оқиға болды. Саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен жастар алаңға жиналды. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етілді. Кеңес өкіметі Орталық Комитеттің ғимараты мен телеорталықты басып алуға шыққан қазақ жастарының жаппай көтерілуіне дайын емес еді. «Бұзақыларды» күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді.   1989 жылдың көктеміндегі КСРО халық депутаттарының сайлауы нағыз халық билігінің орнауына жол ашты. Алғаш рет сайлау балама сайлау мен дауыс беру негізінде өтіп,саяси бәсекелестікпен жүрді. 1984 жылдан бастап ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып келген қазақ Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылдың маусым айында Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің алғашқы хатшысы болып сайланды.

1991 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Компартиясының таралуы туралы шешім қабылданды. Жаңа банк құрылымдары құрыла бастады. Елде экономикалық дағдарыс күшейе түседі. Инфляция ырыққа бағынбай, халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осы кезде республика басшылығы нарықтық экономикаға көшу туралы батыл шешім қабылдайды.

90-шы жылдардың басынан бастап,  Қазақстанның басшылығы барлық қоғамдық-саяси құрылысты ауқымды түрде қайта құруға кірісті. 1990 жылдың 24 сәуірінде ҚазССР Президенті туралы Заң қабылданып, ұлтымыздың алғашқы Президенті болып Н. Назарбаев бекітілді.

1990 жылдың 25 қазанында Қазақ ССР-інің Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылдап, онда қазақстан аумағының тұтастағына және қол сұғушылыққа жол бермеу, мемлекетті халықаралық құқығы бар субъект ретінде мойындау, азаматтық институт пен жеке меншік түрлерінің тең құқықтығы енгізілді.

Фазылов Рахмет Жаңаөзен қаласы 2016

bottom of page